Добавить в цитаты Настройки чтения

Страница 1 из 6

Акберен Елгезек

Болмаған балалық шақ

КІРІСПЕ ОРНЫНА

Бұл шығармамды бала кезімнен сүйіп оқыған

қазақтың қайталанбас хас жазушысы

Бердібек Соқпақбаевтың рухына бағыштаймын

Қадірлі оқырман!

Сіз оқығалы отырған хиқаят – менің балалық шағым туралы баян.

Бұндағы оқиғалар қиялымнан туған қанатқақты дүниелер емес, осы жердің бетінде, осы елде менің шақшадай ғана басымнан өткен шырылдақ тағдыр.

Бұл шығарманы жазудағы мақсатым – екеу.

Біріншісі – мына ұланғайыр Отанымыздың бір түкпірінде менімен тағдырлас бала болса, осы хиқаятты оқысын. Балалық шағының әр күні ауыр өтіп жатса, бұл күйзеліске толы күндердің өтетінін білсін. Алда оны тек сәулелі, шуақты күндер күтетінін ұғынсын. Ол болашақта жеңімпаз болатынына, өз тағдырының қожасы болатынына шүбәсі болмасын деп жаздым.

Екіншіден, бұл хиқаятты жетім баланы бауырына басып, тәрбиелеп отырған үлкендерге арнадым: балаға мейірімді болыңыздар, ағайын! Жылы сөздеріңізді аямай, жылы қабақ танытыңыздар жаутаңкөз тағдырларға!

Әлқисса, бұл туындыда аты аталған кейіпкерлер – өмірде болған және дәл қазір сау-саламат ғұмыр кешіп жатқан жақсы адамдар. Мен осы шығарманы жазу барысында бір кейіпкерімді жақсы жағынан көрсетіп, екіншісін әжуалап жамандауды мақсат еткем жоқ. Керісінше, басымнан кешкен оқиғаларды, бүлдіршін кезімнен жадымда сақталған үзік-үзік естеліктерді өмірсүйер һәм әдебиетсүйер қауымға жеткізгім келді.

Әгәрәки, осы хиқаятта аты аталған кейіпкерлердің туған-туыстарының, құда-жекжаттарының, жора-жолдастарының, бала-шағаларының намысына тиіп кетсем, ол оқырмандарымнан алдын-ала кешірім сұраймын.

Сонымен, бақидағы кейіпкерлеріме дұға бағыштап, тірілеріне ұзақ ғұмыр тілей отырып, сізді, құрметті оқырман, менің балалық шағыма сапар

Бірінші бөлім

Үржардағы сары үрпек

Әкем жарық дүниеден өтісімен, біз Үржарға көштік. Алматыдағы үйімізден алғанымыз – бар болғаны екі-үш шамадан киім-кешек екен. Соны автобусқа артып алып, шешемнің төркініне тартыппыз. Әкемізден үшеу қалған ек. Үлкеніміз Маржан, ағам Данышпан және мен.

Бұл қайғылы һәм күрделі күндер менің есімде әлбетте жоқ. Жасым бар болғаны төртте ғана. Әкемнің түр-сипаты, кескін-келбеті, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы туралы жадымда ештеңе сақталмапты. Жоқ, тұра тұрыңыз, ауылда болу керек, әкем мені көтеріп ап, атқа мінгізіп жатқан еді. Эверестке шыққан альпинистей алқымыма түсініксіз бір шаттық сезімі кептелгені есімде. Тек мені көтерген қуатты қол иесінің іңірде көшкен көлеңкедей бақиға сіңіп, түр-түсінің көзімнен бұл-бұл ұшқаны жаныма қатты батады қазір. Болды, осы естеліктен өзге санамда дым жоқ. Бақытты балалық шақтың барлық өмірдерегі осылай сүртіліп қалған. Балғын жанарымыз бен құлағымыз естіп-көрген өзге жағдайлар да үшті-күйлі буланып кеткен. Жадымды қанша жұлмалап, қалтарыс-бұлтарыстарын сілкілеп көргенмен, тас та табылмады. Өкініштісі – осы.





***

Сонымен біз Үржарға көштік. Айтпақшы, Алматыдан әуелі Шұбартауға барып, бауырларын жоқтап, қайғы жұтқан күллі туыс-туғандармен әкемізді ақтық сапарға шығарып салыппыз. Сол күннің бірде-бір мезеті де есте жоқ қой!

Кейін Асқар (жаны жәннатта шалқығыр!) ағам айтатын: «Данышпан екеуіңді бейіт басына мен апарғам. Сен тыныш тұрмай, басыңды мәшиненің есігіне оңдырмай соғып алдың да, бақырып жыладың. Жұбатсам, көнбейсің ғой, көнбейсің! Бір уақытта есіңді жинадың да, көкемнің бейітіне тесіле қарап тұрып: «Ей, ағалар, неге менің әкемді көміп тастадыңдар?!» – деп айқайлап жібердің! Жұрттың бәрі саған қарай ошарыла қарап, жүзін тайдырып әкеткен еді. Әлгі сөзден кейін жасыңды бірден тыйдың, бет-ауызың енді ештеңеге мызғымастай сазарды да, өзің сұп-суық боп қатып қалдың…» – деп еді. Соны Асқар ағам кейін мен ержеткенде басын шайқап отырып бір-екі рет айтқан-ды. Бозарып кеттің ғой, бірдеңе білетіндей деген еді, жарықтық.

Кім біледі, сол кезде менің байғұс бала жүрегім бірдеңені сезген де шығар…

Әкеміздің жетісінен кейін шешемнің төркініне көштік.

Бұрынғы Семей облысына қарасты Үржар – өзіне аттас ауданның орталығы. Қысы қақаған аязды, көктемі сұлу, жазы күннің мейірімді нұрына малынған, күзі жеміс-жидекке бай, табиғаты тамаша жер. Бір барып қайтыңыздар, өкінбейсіздер.

Үржар – қалың найман мен керейдің байырғы құтты мекені. Шығысында Тарбағатайдың тәкаппар шыңдары осы бір сұлу өлкеге ерекше бір асқақтық беріп тұратын. Үржарда адам баласының көңілді өмір сүруіне Тәңірім барлық жағдайды жасап қойған.

Біз осында тұратын болдық.

«Үлкен үй» деп аталатын үй – нағашы әжем, анамның үш інісі, бір сіңлісі тұратын қарашаңырақ. Үш нағашы ағамның да енді-енді шаңырақ көтеріп жатқан кезі екен, әжем зейнет жасына шыққан кісі, анамның сіңлісі бойжеткен қыз еді. Ортасынан кіретін есігі, бірінен біріне кедергісіз өте беретін үш бөлмесі бар, ескі, ұзынша үй. Алдында үлкен ауласы бар, картоп, сәбіз тағы басқа көкөніс егілген бақшасының сыртында жылтылдап өзен ағып жатыр. Өзеннің жағасы кішігірім тоғай. Осындай қоңыр тіршілік кешіп жатқан ағайынның үстіне төрт кісі боп біз кірдік.

Бұл үйдегі алғашқы кезең төрт жастағы менің есімде қалмаған екен. Тек кішкене ес кіре бастаған шақта білетінім: көрші-қолаң, туыс-жекжат мені «қияли бала» деп атайтын. Оның өзіндік себебі де бар еді. Үлкендердің айтуына қарағанда, мен маңайдағы тәмам жұртты жинап алып, «өзім бастан кешкен» таңғажайып оқиғаларды баяндайды екем.

Мысалы былай. Біздей пақырға басқа планеталарға шеккен сапарлар жайлы таңды таңға ұрып, елді еш шаршатпай әңгімелеп беру аса қиынға соқпайтын. Немесе, сол кездегі КСРО-ның таңбамаңдай басшысы Михаил Горбачевпен өткен неше дүркін кездесулерімнің нәтижелерінен хабардар қылып жүру маған бұйым емес еді. Ол ол ма, менің әңгімемді қызықтаған қауымға үйдің қасындағы тоғайдан кинодан атын жиі еститін Гитлермен кездесіп, әңгіме соққанымды паш етемін!

Жұрт ду күлісіп, «айт, айта түс, айт!» дегендей, менің «естеліктерімді» тыңдау үшін үйінен арнайы ала шыққан кәмпит пен пірәндікті жейдемнің етегіне уыстап төгеді. Әлгілерді ауызымды бұлтыңдатып жеп алған соң (мен де адаммын ғой!), шөлдей бастаймын. «Әңгімемді ертең жалғаймын» деп міндетсіне тамағымды кенеп ишара білдіруім мұң, жақын маңайдағы дүкендерден лимонад әкелінеді. Бұл кезде пақырыңыздың қиялына жарықтың өзі жете алмай шексіз кеңістікте жыландай ирелеңдеп аласұратын ғой! «Тархун» әкелінсе (сол кезде ол лимонадтан қымбатырақ тұратын), мен, сөзсіз, жаңа, тың «естеліктеріме» көшем.

«Тархунның» тәтті дәмінен хабар берген жасыл шиша маған кәдімгідей шабыт сыйлайтын. Көк шишаның «пышшш!» етіп ашылған дыбысы біздің санаға «анабір әңгімені баста» деп белгі беретіндей.

«Тағы не айтар екен?» деп ауызы аңқиып қарап тұрған ақ жүрек ағайынға сол сәтте көзіммен көріп, өз тілінде тілдескен Қар адамы туралы қызықты ертегімді бастап кеп жіберем! Мен сонда, бәлкім, Қар адамының Тарбағатайда, адам аяғы жетпеген шыңырау, шатқалдарда, тұмса табиғаттың құшағында сүріп жатқан ғажайып өмірі туралы, оны көрген адамдардың айтқан әңгімелерін там-тұмдап естіген болуым керек. Ары қарай қиялдың шаруасы еді…

Оһо, Қар адамы туралы «естеліктерім» басталғанда ауылдағы ең әңгімешіл деген қарияның өзін дуылдаған жұрттың маңайына еріксіз келтіріп, кеңкілдете күлдіруші едім! Тау-тасты кезіп жүрген жылқышысы бар, аңшысы бар, мені арнайы шақырып ап, «әлгі албасты туралы айтып берші», – деп жалынатын. Тіпті дерсіз, менің қияли әңгімелеріме өздері кәдімгідей сенетін де еді! Әй, баладан бетер аңқылдаған, бүлдіршіннің сөзіне сенген, қазағым-ай!

Менің нем кетті, қойын-қонышымды тәтті мен дәмдіге толтырып ап, өз есебім өзімде, мәз боп үйге келе жататынмын.

Балмұздақ деген бір сиқырлы дәм келгенде ше?! Ой, пәлі, десеңші! Онда кез келген фантаст жазушы қызғанатындай аңыз-әфсаналарды дереу ойдан шығарып жіберіп, елді бір риза қылатын едім-ау, шіркін. Балмұздақ ол кезде қат. Қат болған соң, бұл қат дүниенің өтеуін біздің балғын миымыз аса ыждаһаттылықпен, аса бір еңбекқорлықпен орындайтын. Балмұздақ жер бетіне, Үржардың шетіндегі әуежайға бөгдеғаламшарлықтар табақшасының қонғаны, бізбен мәслихат құрғаны туралы қиялымызды ұштайтын. Олар бұрын осы жақтан ұшып кеткен қазақтар екенін мен «әп, бәрекелдеее!» – деп тұрған тындармандарымды сендіре баяндайтынмын.